Қазақстан мен Египет туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтады

Басты жаңалықтар
13.08.2024
09:10
Қазақстан мен Египет туризм саласындағы ынтымақтастықты нығайтады
Қазақстанның Мысырдағы Елшісі Қайрат Лама Шариф Мысыр Араб Республикасының жаңадан тағайындалған Туризм және көне ескерткіштер министрі Шериф Фатхи Али Аттыямен кездесіп, ҚР Туризм және спорт министрі Ермек Маржықпаевтың құттықтау хатын табыс етті, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Бұл туралы ҚР Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі мәлім етті. 

Қазақ тарапы екі ел арасындағы қарым-қатынастардың алдағы жылдарда қуатты серпін алуын қамтамасыз ету, сондай-ақ ынтымақтастық салаларын кеңейту үшін бірлесіп жұмыс істеуге дайын екендігін білдірді.

Жылдан жылға Мысырға баратын қазақстандық туристер саны өсіп, Шарм аш-Шейх маңызды демалыс орнына айналып үлгірді. Қазақ тарапы да мысырлық туристер мен саяхатшыларды қабылдап, қонақжайлық көрсетуге дайын. Бүгінгі таңда 82 елдің азаматтары Қазақстанға визасыз келе алады, халықаралық әуе қатынасы 108 бағыт бойынша 29 елге орындалады.

ҚР Көлік министрлігінің Азаматтық авиация комитетінің ақпараты бойынша Қазақстан мен Мысыр арасындағы әуе рейстерінің саны аптасына 30-ға дейін жетіп, бұл санды 48-ге арттыру жоспарланған. Жыл сайын 190 мыңнан астам туристерді Алматы, Астана, Атырау, Ақтөбе және Қостанай әуе жайлары арқылы Мысырдың туристік аймақтарына «Air Astana», «SCAT», «FlyArystan», «Egypt Air», «Red Sea» және «Nile Air» тасымалдайды.

Осы мүмкіндіктерді пайдалана отырып, қазақ дипломаты Мысыр Туризм және көне ескерткіштер министрін алдағы 8-13 қыркүйек аралығында Астанада өтетін 5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының құрметті қонағы болуға шақырды. Көшпенділер ойындарына 100-ден астам мемлекеттен 4 мыңға жуық спортшы қатысып, Қазақстанның бас қаласына 100 мыңнан астам турист келеді деп күтілуде.

Сұхбаттастар ғасырлар бойы Қазақстан мен Мысырды бай тарихи және мәдени мұралар біріктіретінін атап өтті. Осы ретте көне Мысыр жерінде біздің даңқты бабаларымыз қыпшақ мәмлүктері салған 150-ден астам көне ескерткіштерді бірлесіп қамқорлыққа алу мәселелері көтерілді.

Қазіргі уақытта Қазақстан Елшілігі әл-Мансур университетінің мәмлүктанушы ғалымдармен бірлесіп, туристердің жол картасын жасауда.
Есепке қою туралы № KZ38VPY00083153 БАҚ куәлігі 04.12.2023 жылы берілді.