Алматы облысының туристік нысандары таныстырылды

Басты жаңалықтар
18.09.2025
08:05
Алматы облысының туристік нысандары таныстырылды

Алматы облысында өңірлік туризм басқармалары өкілдерінің қатысуымен ақпараттық-танымдық сапар өтті, деп хабарлайды Travelpress.kz.

Іс-шараның негізгі мақсаты – тәжірибе алмасу, өңірдің туристік әлеуетімен және туристік инфрақұрылым нысандарымен танысу. 


 

Бағдарлама аясында делегацияға Алматы облысының туристік кластерінің негізгі нысандары таныстырылды. Олардың қатарында 2024 жылы Қонаев қаласында ашылған №5 қалалық жағажай бар. 2,7 гектар аумақты қамтитын заманауи демалыс аймағында спорт және балалар алаңдары, пирс, автотұрақ және белсенді демалысқа арналған инфрақұрылым қарастырылған.


 

Қатысушылар ASP Club және ASP Arena Drift Show кешеніне ерекше қызығушылық танытты. Сондай-ақ 20 600 шаршы метрді құрайтын Орталық Азиядағы ең үлкен мұз айдыны таныстырылды. Бұдан бөлек, халықаралық автоспорт жарыстарын, концерттер мен фестивальдерді өткізуге арналған мүмкіндіктер көрсетілді. Бұл жоба 550 жаңа жұмыс орнын ашып, Қонаев қаласының әлеуметтік-экономикалық дамуына айтарлықтай үлес қосты.


 

Туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесін көрсету мақсатында Қонаев қаласының Төтенше жағдайлар басқармасы арнайы техникасын және қызметтің мүмкіндіктерін, соның ішінде су айдындарындағы құтқару қайығын пайдалану әдістерін таныстырды.


 

Қонақтарға жыл бойы қызмет көрсететін Del Mare қонақүй-мейрамхана кешені көрсетілді. Кешенде заманауи қонақ бөлмелері бар. Презентация барысында нысанның отбасылық және корпоративтік демалысқа зор әлеуетке ие екені мәлім болды.


 

Бағдарламаның соңғы бөлігі тау-шаңғы және экотуризм бағыты бойынша негізгі орталықтардың бірі саналатын Oi-Qaragai тау курортында өтті. Мұнда делегацияға заманауи аспалы жолдар мен белсенді және экологиялық туризмге арналған инфрақұрылым таныстырылды.


 

Сапар қорытындысы бойынша ұсынылған нысандар өңірдің туризм инфрақұрылымының дамығанын айқындайтыны және Қазақстан Республикасында ішкі және келу туризмін одан әрі дамытуға кең мүмкіндіктер ашатыны атап өтілді.

Есепке қою туралы № KZ16VPY00118275 БАҚ куәлігі 25.04.2025 жылы берілді.